Новости 2024
Қараша 2021ҚМГ мен ЛУКОЙЛ
2021 жылғы 16 қарашада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (бұдан әрі – ҚМГ) Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ (бұдан әрі – «ЛУКОЙЛ») президенті Вагит Алекперовпен кездесті.
Тараптар ынтымақтастықтың және Қазақстан аумағында бірлескен жобаларды іске асырудың өзекті мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында «Қаламқас-теңіз және Хазар» жобасы бойынша Қағидаттар туралы келісімге қол қойылды. Құжат ҚМГ мен ЛУКОЙЛ компаниялары арасында кен орындарды бірлесіп игерудің тұжырымдамасын, талаптары мен шарттарын айқындау жөнінде одан әрі келіссөз жүргізуді көздейді.
«ҚазМұнайГаз» бен ЛУКОЙЛ компанияларын көп жылдан бері жалғасып келе жатқан табысты ынтымақтастық байланыстырады. Бүгін біз қарым-қатынасымызды одан әрі нығайта отырып, «Қаламқас-теңіз және Хазар» жобасы бойынша келісімге қол қойдық. Жобаның іске асырылуы біздің өзара тиімді серіктестігімізге тың серпін беретініне сенімдімін», - деп атап өтті А.Айдарбаев.
«Біз Қағидаттар туралы келісімге қол қоя отырып, үйлесімді ықпалдастықтың берік негізін қалаймыз. Компанияларымыздың мұнай өнеркәсібіндегі мол тәжірибесін пайдаланып, жаңа бастамалар мен жобаларды іске асыра алатынымызға қуаныштымыз», - деді В.Алекперов.
Айта кетейік, қос компания Қарашығанақ, Теңіз, Әл-Фараби, Жеңіс жобаларына, Каспий Құбыр Консорциумы мұнай тасымалдау жобасына, сондай-ақ Хвалынск және Орталық кен орындарын игеру жөніндегі бірлескен кәсіпорындарға қатысады.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ туралы:
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ – Қазақстанның жетекші тігінен интеграцияланған компаниясы. ҚМГ көмірсутектерді барлау, өңдеуден бастап, тасымалдауға, өңдеуге және мамандандырылған қызмет көрсетуге дейінгі барлық өндірістік цикл бойынша активтерді басқарады. Компания 2002 жылы құрылып, Қазақстанның мұнайгаз саласындағы мемлекеттік мүддесін қорғайды.
ҚМГ-ның негізгі активтері:
Барлау және өндіру: Өзенмұнайгаз (ӨМГ) - 100%, Ембімұнайгаз (ЕМГ) - 100%, Қазақтүрікмұнай (ҚТМ) - 100%, ҚазМұнайТеңіз - 100%, Өріктау (ӨО) – 100%, Маңғыстаумұнайгаз (ММГ) - 50%, Қазгермұнай (ҚГМ) - 50%, Қаражанбасмұнай (ҚБМ) - 50%, Қазақойл Ақтөбе (ҚОА) - 50%, ПетроҚазақстан (ПҚИ) - 33%, Теңізшевройл (ТШО) - 20%, Қарашығанақ (ҚПО) - 10%, Қашаган – 8,44%.
Мұнай тасымалдау: ҚазТрансОйл - 90%, Қазақстан-Қытай құбыры (ҚҚҚ) - 50%, МұнайТас - 51%, Batumi Oil Terminal - 100%, Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) – 20,75%, Қазақтеңізкөлікфлоты - 100%, ҚазРосГаз - 50%.
Мұнай өңдеу: ПМХЗ - 100%, АМӨЗ – 99,53%, ПҚОП – 49,72%, KMG International - 100%, Петромидия – 54,63%, Вега – 54,63%.
«ЛУКОЙЛ» ЖАҚ туралы
ЛУКОЙЛ — дүниежүзі бойынша ең ірі мұнай-газ компанияларының бірі, оның үлесіне әлемдік мұнай өндірудің 2%-нан астамы және көмірсутектердің дәлелденген қорларының шамамен 1%-ы тиесілі. ЛУКОЙЛ әлемнің 30-дан аса елінде жұмыс істейді.