Пресс-релизы
Теңізшевройл. Деректер мен дәйектер. 2023 жылдың қорытындылары
Тарих/Қатысушылар
- Әлемдегі ең терең және ірі мұнай кеніштерінің бірі болып саналатын Теңіз мұнай кеніші 1979 жылы ашылды.
- «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (әрі қарай - ТШО) 1993 жылы 6 сәуірде Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» компаниясы арасында жасалған келісім негізінде құрылды.
- Қазіргі таңдағы ТШО серіктестері: «Шеврон» - 50%, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ - 20%, «ЭксонМобил Қазақстан Венчурс Инк.» - 25% және «Лукойл» - 5%.
Өнім өндіру/Қорлар
- Теңіз коллекторының жалпы барланған қоры 3,1 миллиард тонна (25 миллиард баррель), ал Королев кен алаңында 200 миллион тонна (1,6 миллиард баррель) мұнайды құрайды.
- Теңіз және Королев кеніштерінен алынатын мұнай қоры 1,4 миллиард тонна құрайды (11,5 миллиард баррель).
- Теңіз коллекторының ені 20 шақырым (12 миль), ұзындығы 21 шақырым (13 миль).
- ТШО 2008 жылы Шикі газ айдау және Екінші буын зауыты (ШГА/ЕБЗ) жобасын аяқтады, нәтижесінде мұнай өндірудің тәуліктік көлемі 80 000 тоннадан (640 000 баррель), ал табиғи газ 25 миллион текше метрден (870 миллион текше фут) асты.
- 2023 жылы шикі мұнай өндіру көлемі 28,9 миллион тоннаны (230,6 миллион баррель) құрады.
Денсаулық сақтау, өнеркәсіп қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау
- ТШО 2000 жылдан бері табиғат қорғау шараларын жүзеге асыруға 3,2 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салды.2000 жылдан бері өндірілген мұнайдың бір тоннасына шаққандағы атмосфераға жіберілген шығарындылардың көлемі 76%-ға азайды. ТШО 2023 жылы өндірілген газдың 99,5%-ын кәдеге жаратты.
- 2023 жылы суды қайтадан пайдаланудың жалпы көрсеткіші 45%-ды құрады. ТШО тұрмыстық ағын суларды кәдеге жарату, өндірістік мақсатта тазарту және қайта пайдалану арқылы суды үнемдеу бағытындағы іс-шараларды одан әрі жүзеге асыруды жалғастыруда.
- ТШО қалдықтардың 35-тен аса түрін қайта өңдеуге жібереді. 2023 жылы қалдықтарды қайта өңдеудің жалпы үлесі 43%-ға жетті.
Өнімдерді өткізу
- ТШО 2023 жылы 1,3 миллион тоннадан аса сұйытылған газ және 2,7 миллион тоннадан астам күкірт өткізді.
- Кәсіпорын 2023 жылы шамамен 7,9 миллиард текше метр тауарлық газ өндіріп, Қазақстанның газ құбыры желісіне жеткізді. Кәсіпорын өндірілген құрғақ газдың түгелге жуық көлемін ішкі нарыққа өткізеді.
Қазақстан Республикасының экономикасына қосылған үлес
- ТШО-ның 1993 жылдан бастап 2023 жылдың соңына дейінгі аралықтағы Қазақстан Республикасына тікелей қаржылай салымы кәсіпорынның жергілікті қызметкерлеріне төленген еңбекақыны, қазақстандық тауар өндірушілер мен қамтушылардың өнімдері мен қызметтерін сатып алуға жұмсалған қаржыны, мемлекеттік кәсіпорындарға аударылатын төлемдер, қазақстандық серіктеске бөлінген дивидендтерді, сонымен қатар мемлекеттік бюджетке аударылған салық және роялти түріндегі төлемдерді қоса алғанда 190 миллиард АҚШ долларынан астам қаржыны құрады.
- 2023 жылы Қазақстанға төленген тікелей төлем көлемі 13,9 миллиард АҚШ долларына жуық қаржыны құрады.
- Кәсіпорын 2023 жылы қазақстандық қамтушылардың 4 миллиард АҚШ долларына жуық тауарлары мен қызметтерін сатып алды, оның 2,4 миллиард АҚШ долларынан астамы Келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы (ККЖ-ҰЕҚБЖ) шеңберінде жұмсалды.
- ТШО 1993 жылдан бері қазақстандық қамтушылардың 47,6 миллиард АҚШ долларынан астам тауарлары мен қызметтерін пайдаланды.
Қызметкерлерді шыңдау
- Негізгі өндіріс пен ККЖ-ҰЕҚБЖ-да жұмыс істейтін қазақстандық қызметкерлердің үлесі 92%- ды құрайды. ККЖ-ҰЕҚБЖ қызметкерлерін есепке алмағанда, ТШО қызметкерлерінің 94,8%- ы қазақстандықтар. 1993 жылы бұл көрсеткіш 50% болатын.
- Жалпы басшылық құрамның 79,5%-ын қазақстандық жоғары және орта буын жетекшілер құрайды. ККЖ-ҰЕҚБЖ-ны есепке алмағанда қазақстандық жоғары және орта буын басшылардың жалпы үлесі 87,1%.
- Кадрларды оқыту және шыңдау жөніндегі тұрақты бағдарламалар нәтижесінде анағұрлым жауапты лауазымдарға қызметкерлер көптеп тартылуда.
Әлеуметтік салаға үлес
- Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасының 2023 жылғы бюджеті 25 миллион АҚШ долларын құрады. Аталмыш қаржының негізгі бөлігі Атырау облысындағы балабақшалар, мектептер және басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысына бағытталды.
- 1993 жылдан бері Атырау облысындағы мектептер, ауруханалар, демалыс орындары, балабақшалар мен басқа да жалпы әлеуметтік нысандарды салу және жақсарту үшін 120- дан астам әлеуметтік инфрақұрылым жобаларына 385 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция салынды.
- Сондай-ақ, ТШО 2010-2023 жылдар аралығында Атырау және Маңғыстау облыстарындағы денсаулық сақтау, білім беру, экономика мен азаматтық қоғамды дамыту салаларындағы қоғамдастықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы шеңберінде үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) 144 әлеуметтік жобасын қолдады.
- 2023 жылы Атырау облысы мен Маңғыстау облысының Боранқұл ауылында денсаулық сақтау, білім беру сапасын көтеру және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін кәсіпорынның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы шеңберінде 21 жобаға 2,5 миллион АҚШ долларынан астам қаржы бөлінді.
- Сонымен қатар, 2023 жылы Атырау облысы мен Жылыой ауданына 2,6 миллион АҚШ долларынан астам қаржы көлемінде демеушілік көмек көрсетілді.
- Кәсіпорын 2023 жылы Жылыой ауданын дамыту жөніндегі бағдарламасы шеңберінде екі жобаны іске қосты: «Білім керуені» КҚ басқаратын STEAM бағытын дамыту және шағын және орта бизнесті дамытуға арналған «Таңдау» жобасы. Жоба операторы - Орталық Азияның Еуразиялық Қоры (ОАЕҚ).
Келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы
-
Жалпы мағлұмат
- ТШО серіктестері 2016 жылы Теңіз кен орнының өндірістік қуатын арттырудың келесі кезеңі болып табылатын Келешек кеңею жобасы-Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасын (ККЖ-ҰЕҚБЖ) қаржыландыруға қатысты қорытынды шешімнің қабылданғаны туралы хабарлады.
- ККЖ шикі мұнай өндіру көлемін жылына шамамен 12 миллион тоннаға немесе тәулігіне 260 мың баррельге арттырмақ. Мұнай өндірудің жалпы жылдық көлемі шамамен 39 миллион тонна немесе тәулігіне 850 мың баррельге жетеді.
- ҰЕҚБЖ кеніштегі ұңғы ернеуіндегі қысымды төмендетіп, өнім зауытқа жеткен кезде қолданыстағы алты кешенді технологиялық желінің кіреберісіндегі қысымды көтеру арқылы Теңіз кен орнындағы қолданыстағы зауыттарды толық қуатта ұстап тұратын болады.
Қазақстандық қамту
- ТШО ККЖ-ҰЕҚБЖ жүзеге асырыла бастағаннан бері қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға 18 миллиардтан астам АҚШ долларын жұмсады.
Жоба бойынша жұмыстардың орындалу барысы
- Ұңғы Ернеуіндегі Қысымды Басқару Жобасының (ҰЕҚБЖ) құрылыс жұмыстары аяқталды.
- ТШО-ның басты назары іске қосу-реттеу жұмыстарын орындауға, қауіпсіз, әрі сенімді пайдалануға беруге бағытталған.
- ККЖ-ҰЕҚБЖ – бұл білікті мамандарды даярлау, шетелдік компаниялармен серіктестік қатынас орнату арқылы технология алмасу және жергілікті инфрақұрылымды жаңғырту түрінде мұра қалдыруға ықпал ететін ұлттық маңызға ие жоба.